"Тасқала аудандық білім бөлімі" ММ

A- A A+

"Тасқала аудандық білім бөлімі" ММ

ГУ "Таскалинский районный отдел образования"

Біздің сайтқа қош келдіңіздер!

 

 

окно

Тасқала аудандық білім бөлімінің басшысы Шакиров Талғат Асқаровичтың 2019 жылғы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесіне арналған БАЯНДАМАСЫ

Тасқала аудандық білім бөлімінің басшысы Шакиров Талғат Асқаровичтың  2019 жылғы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесіне арналған 

БАЯНДАМАСЫ

«Жаһандық құндылықтар және қазақстандық білім мен ғылым сапасы»

Қадірлі ұстаздар мен тамыз кеңесіне  қатысушылар!

           

«Халық пен халықты теңестіретін - білім» - деп қазақтың абызы Мұхтар Әуезов айтқандай, білім бәсекесіне бейім шәкірт тәрбиелеу – біздің өмірлік мақсатымыз. Осы орайда, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым  мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім берудегі ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген. Бұл міндеттерді шешу үшін әрбір мұғалімнің ізденісі,   жаңа тәжірибе, жаңа қарым – қатынасқа өту қажеттігі туындайды.

Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден – бір шарты  –  оқу орындарындағы білім   беру   процесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу екендігі сөзсіз түсінікті. Сондықтан ғылыми-техникалық прогрестен  қалыспай,   жаңа педагогикалық инновацияларды  дер  кезінде қабылдап,   өңдеп,   нәтижелі пайдалана білу –  әрбір ұстаздың негізгі міндеті болып табылады.

Тасқала аудандық білім беру бөлімі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымен «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда алға қойған міндеттер мен мақсаттарды қамтамасыз етіп, сапалы білім берудегі міндеттерді шешуде оқытудың тиімді жүйесін құру мақсатында шаралар жүргізіп жұмыстануда.

Аудандық білім беру саласын қаржыландыру

Орта мектептерді ұйымдастыру үшін қазіргі таңда  2019 жылы білім саласының бюджеті  2 млрд 307,8 млн теңгені (2018 жылы-1млрд 819,6 млн. теңге) құрады.  Ағымдағы жылдың 5 айында 742 млн. теңге  игерілді.

Соның ішінде 84 миллион 113 мың теңге оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді алуға, 365 мың тг – Ы.Алтынсарин ат. ОМ, Атамекен ОМБ кешеніне  компьютер алуға, спорт тауарларын алуға Мерей ОМ 519 мың т., 11797,0 мың тг – «Нұр» жеке бөбекжайына мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға, 2500,0 мың тг –мұғалімдерді оқытуды ұйымдастыруға бөлінді.

Ауданымыздағы екі мектеп (Қ.Сәтбаев атындағы ОМ – 155,0 млн тг және С.Жақсығұлов атындағы ОМ – 92,0 млн тг) күрделі жөндеуден, балалардың мектептен тыс жұмыс орталығы ағымдағы жөндеуден (4,0 млн тг) өтуде.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

Мектепке дейінгі сапалы білім мен баланың қабілеттерін толықтай дамыту қоғам үшін маңызды, өйткені бала-еліміздің болашақ интеллектуалдық және оның гүлденуінің негізі болып табылады. Аудан бойынша 4 бөбекжай (бала саны-336), 6 мектеп-балабақша (бала саны-170), 1 жеке «Нұр» бөбекжай (бала саны-40),    12 мектеп жанындағы шағын-орталық (бала саны-251) жұмыс атқаруда. Аудан бойынша балаларды балабақшамен қамту жағдайы: 3 - 6 жас аралығында  баланың  955-сы (100%) мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Аудан орталығы бойынша  балабақшаларға   кезекте  266 бала тұр.

 

 

Жалпы орта білім беру

2018-2019 оқу жылында  аудан бойынша 18 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасады (12 орта, 3 негізгі, 3 бастауыш),  соның 16-сы қазақ, 1-і орыс және 1-і аралас. Биылғы  оқу жылын жалпы 2625 оқушы бастаса,  былтырғы оқу жылын 2528 оқушы тамамдады. Білім сапасы 67%. Аудан бойынша 9-сыныпты 207 оқушы аяқтап, оның 33-і ерекше үлгідегі куәлікке ие болды. 11- сыныпты 150 оқушы аяқтап, қорытынды аттестаттау емтихандарын мектепте тапсырды. Соның нәтижесінде «Алтын белгі» төсбелгісін 11 оқушы, Үздік аттестатты 5 оқушы иеленді, қазіргі таңда барлығы да ЖОО грант иегерлері.

2019-2020 оқу жылында  жалпы білім беретін Ынтымақ негізгі мектебі бастауыш мектеп болып қайта құрылды. 

 2019 жылғы жоғары оқу орындарының мемлекеттік гранттарына аудан бойынша 150 түлектің 112-і қол жеткізді.

Аудан бойынша 18 мектепте (100%) ыстық тамақтану 11 типтік асхана және 6 бейімделген ғимараттарда ұйымдастырылған. Асханалардың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайтылуда. Тегін тамақтандыруға – 16 300,0 мың т, жалпыны оқумен қамту қорына – 6400 мың тг, аудан бойынша 1965 (78,8%) оқушы  тегін тамақпен қамтылды: оның ішінде 1072 -і - 1-4 сынып оқушылары, 416-сы-аз қамтылған, көпбалалы отбасының балалары, 9-ы жетім және қамқорлығынсыз қалған балалар. Ыстық тамақтың 1 балаға есептелген 1 күндік орташа құны  - 200 теңге болды. 1 – 4 сыныптарда – 250 тг, категорияға жататын оқушыларда – 350 тг. С.Жақсығұлов және Қ.Сәтбаев атындағы ОМ жеке мердігерлік негізінде ыстық тамақ ұйымдастырылды.

Ауданымыздың орта және негізгі мектептері жанында 15 кітапхана қызмет істейді. Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында аудан мектептерінде өткізілген «Бір сынып - бір кітап» акциясына 2110 оқушы қамтылып, «Сәулет» МЛ, Қ. Сәтбаев атындағы ОМ, Жақсығұлов, Шежін ОМБ белсенділік танытты. Білім ошақтарында REАDх форматындағы шаралар оқушылардың кітап оқуға деген белсенділіктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде жаңа 2019-2020 оқу жылына 4,9,10 сыныптар оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілу мақсатында баспалармен келісімшарттар жасалды, оған жергілікті және облыстық бюджеттен барлығы 84 миллион 113 мың теңге қаражат бөлініп, 56687 оқулық сатып алынады.

Республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңіне аудан атынан «Сәулет» мектеп-лицейінен 9 оқушы қатысып, оның 4-і жақсы нәтиже көрсетті: Ахметов Рахат физика пәнінен ІІІ орын, Дүйсенбиева Сәуле қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ІІ орын,   Темиргалиева Аружан орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ІІІ орын, Изтолеуова Камила биология пәнінен Алғыс хатқа ие болды. Облыстық кезеңге ұсынылған 28 жобаның 18-і іріктелініп, облысқа қатысты. Алты оқушы жүлдегер атанып, қалған қатысушылар сертификаттармен марапатталды. «Қолданбалы математика» секциясы бойынша Атамекен ЖОББМБК  оқушысы Ермекқалиева Гүлшат І орын, «Математика» секциясы бойынша  «Сәулет» мектеп-лицейінің оқушысы Сүйіндікова Анель ІІ орын, «Ғарыштық техника» секциясы бойынша балалардың мектептен тыс жұмыс орталығының үйірме оқушысы Қабенов Қамқор ІІ орын, «Физика» секциясы бойынша балалардың мектептен тыс жұмыс орталығының үйірме оқушысы Маулен Темирлан ІІ орын, Бірлік негізгі мектебінің оқушысы Павлов Никита ІІІ орын, «Былғарымен жұмыс» секциясы бойынша  Амангелді ЖОББМБК оқушысы Ергалиев Дияс ІІІ орын алды.

Амангелді ОМБК Шарипова Камила «Кітап – достық көпірі» атты ұлттар әдебиетінің (украин әдебиеті шығармалары бойынша) облыстық (виртуалды) байқауында ІІІ орын, «Сәулет» МЛ оқушылары Қомарғали Ақниет Ломоносов атындағы халықаралық турнир (қазақ әдебиеті) лауреаты, Шатенова Амина «Ш.Қыдырниязова шығармашылығы» атты облыстық эссе байқауынан сертификат, Ибраева Эмилия республикалық «Асыл әжем» атты шығармашылық байқауынан ІІ орын, Мүсірова Феруза ІІІ республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасынан ІІ орын, Суиндикова Алина облыстық «Блиц – турнир» байқауынан «Алғыс Хат», Буентаева Дария «Қазақстан үміті» төсбелгіге ие болды. Ы.Алтынсарин атындағы ОМ 9,10,11 сынып оқушылары «Оқусыз білім жоқ – 2018» Л.Н.Толстойдың 190 жылдығына арналған V облыстық  интеллектуалдық – лингвистикалық турнирінде ІІ орын, Облыстық «Әбіш оқулары - 2018» Қ.Сәтбаев ат. ЖОББМ оқушысы Қ.Шунаев ІІ орын, Оян орта мектебінің оқушысы Магзомова Аружан «Зерделі жоба қорғау» ІІІ орын, Мерей орта мектебінің оқушысы Салихатова Шалқыма «Ырғақты дауыс мәнері» аталымына, Ы.Алтынсарин ат. ОМ Тлегенов Дияс «Үздік ер адам бейнесі» аталымына ие болды.

«Жеті құпия-2019 жыл» облыстық байқауынан «Сәулет» МЛ оқушылары Мүсірова Феруза ІІІ орын, Мухит Асет Алғыс хат, Сапар Айша ІІ орын, Тлепова Наргиза  ІІІ орын, С.Жақсығұлов ат.ОМ оқушысы Капаров Дамир ІІ орынды иеленді. Облыстық «Жайық толқыны» ақындар сайысынан «Сәулет» МЛ оқушысы Избанова Данагуль ІІ орын, облыстық «Қадыр оқулары-2019» Достық ОМ оқушысы Турганалиев Ганмирали ІІ орын, Қ.Сәтбаев ат. ОМ оқушысы Ибатова Мадина белсене қатысқаны үшін дипломмен марапатталды.

 Облыстық «Махамбет оқулары - 2019 жыл» байқауында Достық ОМ оқушысы Аватов Дегдар ІІІ орын, облыстық  «Ақұштап оқулары – 2019» байқауында Оян ОМ оқушылары Романқызы Ақырыс ІІІ орын, Қалбаева Інжу «Алғыс хат», «Сәулет» МЛ 10-сынып оқушысы Дюсембаева Сауле ІІІ орынға ие болды.

Облыстық информатика пәні бойынша өткен «Бағдарламалау тілі» байқауынан Атамекен ОМБК оқушысы Дуйсенгалиев Нуреддин ІІ орынға иеленді.

       

Әдістемелік жұмыс

Өткен оқу жылында білім мазмұнын жаңарту курсынан өткен педагогтердің  жұмысын белсендіру, оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді дамыту, аудан мектептерінде жаңартылған білім беру мазмұнының енгізілуін әдістемелік қолдау бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Аудан педагогтері арасында өткізілген семинарларда қорытынды аттестаттауға дайындау, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, өз бетімен білім алу дағдысын жетілдіру жолдары, критериалды бағалауды қолдану сияқты өзекті мәселелердің шешу жолдары талданды. Пән мұғалімдерінің пән олимпиадалары, «Табысты менеджер-2019» мектеп басшыларының байқауы, мектеп басшылары мен орынбасарларына және жас мамандарға «Өсу векторы» оздырылды. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Л.А.Жұбанышқалиева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы С.И.Темиргалиева, облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің директоры А.О.Хамзина әр топпен жекелей жұмыстарды жүзеге асырды. Облыс орталығынан келген қонақтар әлемдік тәжірибедегі білімнің берілу жағдайлары мен еліміздің алдынғы қатарлы білім ұяларында жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстырса, аудан әкімінің орынбасары Л.А.Жұбанышқалиева білім саласының мамандарымен бірлесе барып танысып қайтқан Германия, Татарстан еліндегі озық тәжірибелерді таныстырып, ұстаздардың қызығушылығын арттырды. Оқушылардың білім сапасын арттыру және мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында физика, математика, химия, биология, география, информатика пәндерінен «Зерде», қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінен «Лингвист», тарих пәнінен «Өркен» озат тәжірибе алмасу мектебі жұмыс жасап, оқыту семинарлары және физика, математика пәндерінен 9,11 сынып оқушыларына консультация-сабақтар өткізілді.

Аудан педагогтерінің жаңартылған білім беру мазмұнын меңгеруде және Педагогикалық шеберлік орталығы жасақтаған біліктілікті арттыру бағдарламаларында берілген тәсілдерді тәжірибесінде қолдану арқылы оқыту мен оқуды жүзеге асыруы үшін әдістемелік тұрғыдан жағдай жасау мақсатында 4 жетекші мектеп («Сәулет» МЛ, С.Жақсығұлов, Қ.Сәтбаев атындағы  ОМ, Шежін ОМБК) аудандық жоспарға сай іс-шараларды өткізіп, оларға бекітілген магниттік мектептер де өз семинарларын жүргізді. Биылғы жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі жетекші мектеп санатына қосылды. Жетекші мектептер базасында жаңартылған білім мазмұнын енгізу бойынша әдістемелік семинарлар, ашық есік күні, кездесулер, конференциялар, форум, коучингтер, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер  өткізілді. Қыркүйек айында  әр жетекші мектептің үйлестіруші кеңесі өтті. Кеңесте  2018-2019 оқу жылының жоспары жасақталып, алдағы уақытқа мақсаттар мен міндеттері айқындалды. Жоспарға сай «Критериалды бағалау жүйесі: түрлері, тәсілдері, артықшылықтары»,  «Оқушының оқу жетістігін бағалау критерийі»   тақырыбында семинарлар ұйымдастырылса, «Мұғалімнің кәсіби дамуы-білім беру жүйесін жаңартудың негізі» тақырыбында  ашық есік күні ұйымдастырылды. «Дарындыға дархан жол»  шығармашылықпен айналысатын оқушылармен, мұғалімдермен кездесу, «Өзгерістерді басқарудағы мектеп басшыларының рөлі» мектеп әкімшіліктеріне арналған дөңгелек үстелмен жалғасын тапты. «Үш тілділік-заман талабы» жас мамандар форумі, «ХХІ ғасыр дағдыларын қалай меңгертуге болады» тақырыбында оқыту семинары өтсе, ақпан, наурыз айларында сабақты зерттеуге шаралар ұйымдастырылды.

Жаңартылған білім беру мазмұнына (1,2,3,5,6,7,8 сыныптар) көшу аясында мұғалімдерге оқытудың ерекшеліктерін түсіндіру, қалыптастырушы бағалауды қолдануды үйрету мақсатында қажеттілігіне қарай әдістемелік семинарлар, «Жаңаша білім беру мазмұнына көшу - білімді, білікті айтар ойы мен дәлелін дұрыс тұлға қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстелі ұйымдастырылып, шеберлік  сабақтары өтті.

«Бастауыш сыныптардағы табысты оқыту: жаңару, ізденіс, тәжірибе» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған облыстық семинар- ұйымдастырылды.

Педагогикалық кадрлар

Аудан мектептерінде 480 педагог жұмыс істейді. Солардың ішінде 392-і- жоғары білімді,  88-і -арнаулы орта білімді. Жоғары санатты мұғалімдер саны-86, бірінші санатты–168, екінші санатты–123, санаты жоқ мұғалімдер саны–103.

2018-2019 оқу жылында жоғары санатқа 2 мұғалім (1-иелену, 1-растау), бірінші санатқа 9 педагог (иелену-9,) өтініш берді, оның екеуі жоғары санатты иеленді, 2-і растады, І санатты 9 педагог иеленді. Биылғы жылы ұлттық біліктілік тестілеуден өту үшін 128 педагог қызметкер өтініш тапсырды. Педагог-модераторға – 31-дің 29-ы, педагог-сарапшыға – 55-тің 47-і, педагог-зерттеушіге – 42-нің 38-і өтті.

2018-2019 оқу жылынан бастап Тасқала ауданында жаратылыстану– математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда 22 ұстаз үштілділіктің А1, А2 және В2, С1 деңгейі бойынша сертификатталды. Соның ішінде 7 ұстазымыз А1, А2, 15 ұстазымыз В2, С1 деңгейі бойынша сертификатталған.

Облыстық Құрмет тақтасына Оян орта мектебінің математика пәні мұғалімі Мухамбетжанова Нагима Урынгалиевна және «Сәулет» мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Гумарова Жемис Муратовна ілінді.

Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Райгуль Темировна және Ақтау ОМК мұғалімі Айман Галимовна «Жылдың үздік ағылшын мұғалімі» атты республикалық байқауында  І дәрежелі диплом және төсбелгімен марапатталды. Облыстық орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдер олимпиадасында Достық ОМ мұғалімі Нурслу Иватовна ІІ орын, «Үздік бейне сабақ – 2019 жыл» облыстық сырттай байқауында «Сәулет» МЛ ағылшын тілі мұғалімі Сауле Тлеккабыловна І орын, Ы.Алтынсарин атындағы ОМ информатика пәні мұғалімі Шынар Қоңырбаевна ІІІ орын, үштілділік бойынша «Үздік бейне сабақ - 2019» облыстық сырттай байқауында  С.Жақсығұлов атындағы ОМ физика пәні мұғалімі Лилия Ербулатовна  ІІ орынды иеленді. Облыстық пән мұғалімдерінің олимпиадасында С.Жақсығұлов атындағы ОМ информатика пәні мұғалімі Юлия Александровна  ІІ орын, «Сәулет» МЛ биология пәні мұғалімі Эльмира Маликовна І орын, С.Жақсығұлов атындағы ОМ тарих пәні мұғалімі Даурен Амангелдиевич ІІІ орынға ие болды. Жетекші мектептер бойынша «Үздік мектеп тренері» облыстық байқауынан А.Дуйсенова «Сәулет» МЛ физика пәнінің мұғалімі ІІ орынға ие болды. Облыстық «Квант» байқауына қатысқан ауданымыздың физика пәні мұғалімдер тобы І орын, облыстық математикалық регатадан математика пәні мұғалімдер тобы І орынға иеленіп, Ақтау қаласында өткен республикалық кезеңіне қатысып келді.

 

Тәрбие жұмысы

Білім берудің жаңа моделіне өту жағдайында тәрбиенің білім беру үдерісіндегі рөлінің өсуіне байланысты тәрбие  мазмұнын қайта бағдарлау даму заңдылығы болып табылады. Қазір білім беру үдерісінде жеке тұлғаның рухани-адамгершілік дамуына үлкен мән беріліп отыруына орай, адамгершілікке тәрбиелеу мен   рухани  жағынан қалыптасуы    барлық тәрбие үдерісінің өзегі болып отыр. 

Биылғы оқу жылында  9 мектепте және 1 балалармен мектептен тыс жұмыс орталығында мұражай жұмыс істейді. Мұражайлардың барлығы да құжатталған. 2018-2019 оқу жылында ауданның білім беру мекемелерінде оқушылардың қызығушылықтарына қарай 87 секция, 115 үйірме ұйымдастырылып, барлығы 2706 оқушы қамтылды.

Достық ОМ,  Қ.Сәтбаев және Ы.Алтынсарин атындағы ОМ «Азамат», Шежін, Ақтау, Амангелді ОМБ «Жасөспірім», «Жас құтқарушы» «Жас жол инспекторлары», «Жас полицей», «Адал ұрпақ», «Қыздар», «Ұлдар» клубтары жұмыс істейді. Әңгімелесу мен тәрбие сағаттарынан басқа құқық қорғау органдарының, прокуратура, денсаулық сақтау қызметкерлерінің, ата-аналардың қатысуымен диспут, дебат, лекция, семинар, дөңгелек үстелдер өткізілді.

Ауданның білім беру мекемелерінде құқықбұзушылықпен күресу, олардың алдын алу, жасөспірімдердің қоғамға қарсы әрекеттерін болдырмау бағытында оқушылар мен ата-аналар арасында алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аудан мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына «Рухани-адамгершілік тәрбие үдерісінде оқушылар мен педагогтардың толерантты санасын қалыптастыру», және «Тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбиелеуді қалыптастыру жолдары» атты семинар-кеңес, «Тәрбиенің ең тамаша мектебі - отбасы» атты семинар, балалар мен жасөспірімдердің бойында позитивтік өмірлік ұстанымын қалыптастыру бойынша «Өмірге «Иә» деп айт!» айлығы, «Баланың тұлғасын қалыптастыруда отбасы мен мектептің өзара әрекеттестігі» атты ата-аналар конференциясы, «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн», «Патриот», «Мамандық әлемі» айлықтары ұйымдастырылды.

Мектептерде құрылған 12 жол жүру инспекторлары топтарының жұмысы жолға қойылған. Жылма жыл аудандық және облыстық слеттерге қатысып білімдерін көрсетуде. Өткен оқу жылында  «Сәулет» МЛ тобы облыстық слеттен жақсы нәтиже көрсеткен болса, биыл Шежін ОМБК жас инспекторлар тобы облыстық кезеңнен жоғары нәтиже көрсетті.

Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы  мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттың алдағы кезеңдегі жүріп өтер айқын жолын көрсеткен тарихи құжатқа айналды. Аталмыш бағдарлама аясында 2019 жылы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында жоспарлы 24 іс-шара ұйымдастырылып, («Саналы азамат» базалық бағыты бойынша – 8 шара, «Отаным - тағдырым» базалық бағыты бойынша – 11, «Өлкетану» базалық бағыты – 5) 1760 тұрғын қамтылды.

Атап өтер болсақ, оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру мақсатында «Пікірталас мәдениетін меңгеру – жаңа заман талабы» атты жастар арасында пікірталас алаңы өткізілді. «Сәулет» мектеп – лицейінде «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблімен «Жаһандық өзгерістегі ұлт рухы қандай болмақ?» тақырыбында кездесу кеші ұйымдастырылса, 11-14 наурыз аралығында аудандық білім беру мекемелерінде «Ұлттық құндылық – ұлт мұрасы» тақырыбында апталық өткізілді. Апталық барысында тарихымыздың танымал батырларының ерлігін насихаттауға  арналған батырлар жырын жатқа оқу бойынша байқау, төл тарихымыздың төлқұжатына айналған ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бойынша түсірілген видеороликтердің көрсетілімі,  5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығының маңыздылығы мен құндылығы түсіндіру бойынша дөңгелек үстел, сондай-ақ басқада мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді.

15 наурыз күні бағдарлама шеңберінде «Кәсіп көзі – табанды еңбек, саналы білім» тақырыбында ауданымызға танымал кәсіпкерлермен. «Тасқала Аққу» ЖШС-нің директоры Тасқалиев Қ.Б, «Луч» ЖШС-нің директоры Мусенов Н.Д., Тасқала аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Жексенов Х.Х. кездесу өткізілді. Шара барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан көрсетілетін көмектер мен жеңілдіктер назарларына ұсынылды.

19 наурыз күні аудандық «Жас туристер станция» базасында «Қасиетті Қазақстанға сапар» атты «Киелі жерлер географиясы» жобасына  енген тарихи орындар туралы ақпарат алаңы ұйымдастырылды. Ақпарат алаңыңда еліміздің тарихи мекендері киелі жерлері туралы көрнекіліктер қойылып, ауданымыздың тарихи орындары мен аудан мақтанышы Ешкітау туралы деректер орнатылды.

Ағымдағы жылдың 27 ақпан – 27 наурыз аралығында «Бал өнер театр – 2019» балалар мен жасөспірімдердің театр байқауы мен «Бал бөбек театр - 2019» балабақша тәрбиеленушілері арасындағы қазақ халық ертегілерінің театрлар байқауы өткізілді. Аталмыш театр байқауына ауданымыздың орта мектептері мен мектеп балабақша кешендері, бөбекжайлардан 250-ге жуық жас өнерпаздар қатысып, бақтарын сынады. Аталған байқаулардың жеңімпаздары анықталып, жүлделі орындар мен жекелей аталым бойынша да жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен және дипломдармен марапатталды.

7 сәуір күні мәдениет үйінде «Әке – асқар тау»  атты аудандық әкелер форумы өткізілді. Форумның мақсаты  ұлттың тәрбие беруде және оны жүзеге асыруда оның рухани ілім алуда отбасы ролі, әке абыройы маңызы екендігін баса көрсету болып табылады. Форум екі бөлімнен «Әке жолы-ізгі жол» қолөнер бұйымдары көрмесі және «Әке – асқар тау» пленарлық отырыс бойынша өткізілді. Шақырулы қонақтар және көрермендер әкелердің қолбұйымдарының жұмысымен танысып, ұлттық құндылықтардың отбасында жүзеге асып, насихатталуын тамашалады. Әке орының қоғамның биік сатысына көтеру мақсатында өткізілген форумға ауданымыздың белсенді тұлғалары қатысып, әке туралы ойларын, тарихи деректерді келтіре отырып әкенің тарих сахнасындағы орынын әңгімеледі.

24 сәуір күні "Сәулет" мектеп-лицейінде «Нұр Отан» партиясының жүлдесі үшін «Жаңа мүмкіндіктер алаңы» тақырыбында ұлттық ойындарымыздан роботтық техникалар бойынша облыстық жарыс өткізілді. Облыстық жарыс бес категория«Робо ақ сүйек», «Робо арқан тартыс», «Робо қыз қуу», «Робо асық ату», «Ақылды ауылшаруашылығы» шығармашылық ғылыми-техникалық жоба қорғау бойынша өткізілді. Облыстық жарысқа облыс аудандарынан және аудан мектептеріннен 80-нен аса оқушы қатысты. Жарысқа қатысушылардан әр категория бойынша жүлдегерлер анықталып, аудан әкімі атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

14 мамыр күні сағат 14.00 де ЖОББ Қ.Сәтбаев атындағы мектебінің акт залында «Сенің таңдауың – ел ертеңі» атты жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауға арналған кездесу өткізілді. Шараға ЖОББ Қ.Сәтбаев атындағы және Ы.Алтынсарин атындағы мектептердің 9-11 сынып оқушылары мен мұғалімдері қатысты. Шараға әртүрлі салада жетістікке жетіп, өз мамандағының шебері болып жүрген сала мамандары, өздерінің салалары бойынша ақпараттар беріп, бағыт-бағдар берілді. Кеш барысында Қазақстандағы ең жоғары жалақы алатын 7 мамандық туралы бейнеролик көрсетілді.

Қосымша білім беру

Балаларға қосымша білім беру - үздіксіз білім берудің ажырамас бөлігі. Аудан көлемінде 3 қосымша білім беру ұйымы жұмыстануда: балалар саз мектебі, мектептен тыс жұмыс орталығы, «Жас туристер» станциясы.  Аталған ұйымдарда 2018-2019 оқу жылында 604  (23,8%) бала қамтылған. Бұл орталықтарда барлығы 36 қосымша білім беру педагогі жұмыстануда, оның 33-і жоғары білімді, 3-і арнаулы орта. Жоғары санатты-6, І санатты-9, ІІ санатты-9, санатсыз-12.

Тасқала  аудандық  балалар  саз  мектебінде 9 үйірмеге 123 бала қамтылған. Аталған мекеменің оқушылары Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының 75 жылдығына орай өнерлі балалар мен жасөспірімдер арасындағы Республикалық «Ұлы дала мұрасы» атты байқауы байқауға қатысып, республика бойынша 21 ансамбль-оркестрі ішінен өнерлері үстем болып, бас жүлдеге ие болды.

Балалардың мектептен тыс жұмыс орталығында 7 үйірмеге 226 оқушы тұрақты құрамда қатысты және 1635 жылжымалы топтардағы оқушылар жұмыстанды. Аталған мекеменің үйірме оқушылары облыстық робот жарыстардан алдынғы қатардан көрініп, 2019 жылдың сәуір айында «Робо асық ату» ұлттық авторлық жобасы (Б.Мауленов) қолға алынып, бүгінгі танда аталған жобаға облыс, республика бойынша қызығушылық танытты. "Сәулет" мектеп-лицейінде «Нұр Отан» партиясының жүлдесі үшін «Жаңа мүмкіндіктер алаңы» тақырыбында ұлттық ойындарымыздан роботтық техникалар бойынша облыстық жарыс оздырылды. Облыстық жарыс бес категория «Робо ақ сүйек», «Робо арқан тартыс», «Робо қыз қуу», «Робо асық ату», «Ақылды ауылшаруашылығы» шығармашылық ғылыми-техникалық жоба қорғау бойынша өткізілді.

Жас туристер станциясында 17 үйірме жұмыс істейді, барлығы 255 оқушы қамтылды. Үйірмелер Ақтау ОМ, ЖОББ Амангелді МБК, Ынтымақ НМ, Қ.Сәтбаев ат.ОМ, С.Жақсығұлов ат.ОМ туризм, өлкетану, экология спорттық бағдарлау және геология бағыттарында жұмыс жасайды. Облыстық «Менің Отаным-Қазақстан» слетінде үйірме оқушылары жекелей орындардан үздік көрініп, нәтижесінде командалық  есеп бойныша ІІІ орынды иеленді

Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру

Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы аудандық «Шұғыла» демалыс лагері, мектептер жанындағы тамақтандыру ұйымдастырылған лагерлер, тамақтандыру ұйымдастырылмаған алаңдар, көгалдандыру бригадалар жұмысы, шатырлы лагерлер, туристтік саяхаттар мен жорықтар, қысқа мерзімді бірлестіктер (үйірме, клубтар, секциялар) арқылы ұйымдастырылылды.

Аудан бойынша 420 (2018 ж – 461) әлеуметтік қорғауды қажет ететін отбасылардың балалары, 1383 (2018 ж – 1079) жетістіктерге жеткен оқушылар, 43 (2018 ж – 42) девиантты мінез-құлықты балалар мен қолайсыз отбасылар балалары түгел шараларымен қамтылды. Жазғы кезеңде балалармен жұмыстануға барлық мектептердің педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтары тартылды.

«Шұғыла» лагері жұмысын 10 маусым-2 тамыз аралығында ұйымдастырды. Жалпы лагерьдің 4 кезеңінде 215 бала демалды, соның ішінде 105 бала жергілікті бюджет арқылы, 80 бала ақылы және 30 оқушы жеке кәсіпкер «СВС Батыс» ЖШС (директоры Сарсенбаев Замир Алибекович)  демеушілігі арқылы демалды.

 

2019 жылы «Шұғыла» лагерінің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 1520,0 мың тенге бөлінді (асхана ыдыстарын жаңарту  және толықтыру, төсек жабдықтарды алуға, лагерь аумағын  абаттандыруға, қажетті құралдарды алуға).

«Шұғыла» лагерінің базасында «Айбын» әскери-патриоттық аудандық шатырлы лагерінің жұмысы ұйымдастырылып, 60 оқушы қамтылды. «Айбын» шатырлы лагері өз жұмысын 17-21 маусым күндері ұйымдастырылды.

Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы аудандық «Шұғыла» демалыс лагері, мектептер жанындағы тамақтандыру ұйымдастырылған лагерлер, тамақтандыру ұйымдастырылмаған алаңдар, көгалдандыру бригадалар жұмысы, шатырлы лагерлер, туристтік саяхаттар мен жорықтар, қысқа мерзімді бірлестіктер (үйірме, клубтар, секциялар) арқылы ұйымдастырылды.

 «Шұғыла» лагері жұмысын 10 маусым күні бастады. Жалпы лагерьдің 4 кезеңінде 150 бала демалды. Лагерь қажетті өрт сөндіру құралдарымен, өрт автоматикасы жүйелерімен қамтамасыз етілген. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағымен өткізген семинарға «Шұғыла» лагерінде суда жүзуге жауапты жаттықтырушы С.Сабиров қатысып келді.

18 мектептерінің жанында лагерьлер ашылып, 2071 (87,3%) оқушыны қамтыды (2018 ж - 2129 (90,4%)), соның ішінде тамақ ұйымдастырылған кезеңдерімен 1406 (59,2%) оқушы (2018 ж - 1430 (60,7%)), ал 14 мектептің тамақтандыру ұйымдастырылмаған бағдарлы кезеңдерімен 665 (28%) оқушы қамтылды (2018 ж - 699 (29,7%)).

«Шұғыла» лагерінің базасында «Айбын» әскери-патриоттық аудандық шатырлы лагерінің жұмысы ұйымдастырылып, 60 оқушы қамтылды. «Айбын» шатырлы лагері өз жұмысын 17-21 маусым күндері ұйымдастырылды.

Жалпы жазғы демалыспен 1-10 сыныптардың 2373 (100%)  оқушысы қамтылды (2018 ж – 2355 оқушы 100%).

Сонымен қатар, оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі шаралар қолданылды.

1392 (58,6%) оқушы еңбек жұмысына тартылды (2018 ж - 1283 (54,5%)), соның ішінде 1321 (2018 ж – 1236) оқушы мектептерді көгалдандыру жұмысына, 61 (2018 ж – 37) оқушы бақшадағы жұмысына (Шежін ОМБК), Ы. Алтынсарин атындағы ОМ аз қамтылған отбасылардың 10 баласы «Жігер» еңбек және демалыс лагеріне тартылды.

Шығармашылық жұмысына 708 (29,8%) оқушы тартылды (2018 ж - 614 (26,1%)) бұл ауылдардағы мәдениет үйлері мен кітапханалардың жанындағы 43 (2018 ж – 39) клубтар мен үйірмелердің жұмысы арқылы ұйымдастырылды.

Спорттық-туристік жұмысына 690 (29,1%) оқушы тартылды (2018 ж - 618 (26,2%)). Соның ішінде 15 көпкүндік жорықтарымен 153 оқушы (2018 ж – 16 /166 оқушы),  танымдық туристік сапарларымен 497 оқушы (2018 ж – 393) қамтылды.

Интеллектуалдық жұмысына 520 оқушы (21,9%) тартылды (2018 ж – 641 (27,2%)): 170 (2018 ж – 267)  оқушыларға – «Тілдер мектебі», 127 (2018 ж – 148) оқушыларға – «Дебат мектебі», 191 (2018 ж – 195            «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдар мүшелеріне - «Көшбасшылар мектебінің» жұмысы, 32 оқушыларға «Олимпиада резерві» мектебінің жұмысы ұйымдастырылды.

Жалпы жазғы демалыспен 1-10 сыныптардың 2222 (93,6%) оқушысы қамтылды, жоспарда - 2373 (100%), (2018 ж – 2355 оқушы 100%).

Жалпы жазғы демалысты ұйымдастыруға 12669,3 мың тг қаражат жұмсалды,  оның ішінде жергілікті бюджеттен – 7950,3 мың тг, демеушілердің – 1407,5 мың тг, кәсіподақтардың – 214,0 мың тг, ата-аналардың – 3097,5 мың тг бөлінді.

 

Мемлекеттің ерекше қамқорлығын қажет ететін балалар үшін тең мүмкіндіктерді құру

Тасқала ауданы бойынша 0-18 жас аралығында 126 даму мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соның ішінде 13 бала аудандық психологиялық түзету кабинетінде көмек алуда. Қ.Сәтбаев, Ы.Алтынсарин атындағы ОМ 2 коррекциялық сыныптар және Қ.Сәтбаев атындағы ОМ логопункт, «Бөбек» балабақшасында инклюзивтік білім беру кабинет бар. Коррекциялық сынып пен инклюзивті кабинеттер қажетті құралдар-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, олардың жалпыға білім беру ортасына бейімделуіне, тәрбиеленуіне  жағдай жасап,  мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамнан өз орнын табуға, өзіне деген сенімділігін арттыруға көмек көрсету, қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде сезіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде. Статистикалық мәлімет бойынша Тасқала ауданында 0-18 жас аралығындағы 13 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала есепке алынған. Оның ішінде 5-тұл жетім бала, қалған 8-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Патронаттық тәрбиеде 5 отбасында 7 бала, қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиеде 5 отбасында 6 бала тәрбиеленуде. Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 13 бала жәрдемақы алады және тұрғын үй кезегінде тұр.

Білім беруді ақпараттандыру

«Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметті автоматтандыру мақсатында «IT Group» АҚ компаниясымен аудан орталығындағы 4 мектеп (Қ.Сәтбаев ОМ, С.Жақсығұлов ОМ, Ы.Алтынсарин ОМ, «Сәулет» МЛ) келіссөз жасады. Қазіргі таңда аталған мектептер оқушыларды 1 сыныпқа қабылдауды электронды түрде бастап кетті.

Мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды кезекке қою және жолдама беру қызметін толық автоматтандыру жұмысын ұйымдастыру және сервистік қызмет жасау үшін 3 балабақша («Ақбөпе» бөбекжайы, «Бөбек» бөбекжайы, «Балдырған» бөбекжайы) ЖШС "CUSTOM SOLUTIONS CENTER" компаниясымен келіссөз жасалуда.

 

Қадірлі ұстаздар мен тамыз кеңесіне  қатысушылар!

Біз бейбіт елде, мемлекеттік білімді жетілдіруге аса мән берген елде тұрамыз. Жалпы білім берудің мақсаты – терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытуға адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдерді қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға негізделген, ақпаратты технологияны терең меңгерген, жылдам өзгеріп жататын бүгінгі заманға лайықты, жаңашыл тұлғаны қалыптастыру.

Еліміздің болашақ жастарына заман талабына сай білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы талапты орындау мақсатында ұстаздарға жүктелер міндет орасан зор.

Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!

Сіздерге шығармашылық шабыт пен болашаққа сенім, қабілетті және саналы оқушыларды тілеймін!

 

Тасқала аудандық білім беру бөлімінің басшысы

Шакиров Талгат Аскарович